Асаубаева чемпиондыққа бір қадам жақындай түсті
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан беделді Norway Chess турнирінде қайтадан жеке-дара көш бастады.
Жарыстың алтыншы турында Асаубаева үндістандық Хампи Конерумен кездесті. Классикалық партия тең нәтижемен аяқталғаннан кейін жеңімпаз армагеддон форматында анықталды. Шешуші кездесуде ақ тастармен ойнаған қазақстандық шахматшы жеңіске жетіп, маңызды ұпайды қоржынына салды.
Осы нәтижеден кейін Бибісараның еншісінде 9,5 ұпай жиналып, ол турнирлік кестенің бірінші орнына қайта көтерілді.
Қазір оның ең жақын қарсыласы – үндістандық Дивья Дешмух. Алдыңғы турдан кейін көш бастаған шахматшының активінде 8,5 ұпай бар.
Үздік үштікті сегіз ұпаймен украиналық Анна Музычук түйіндеп тұр. Ол қосымша көрсеткіштер бойынша қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньнен алда келеді.
Бесінші орында тағы бір қытайлық шахматшы Чжу Цзиньэр орналасса, Хампи Конеру 5,5 ұпаймен турнир кестесінің соңында тұр.
Айта кетейік, Norway Chess турнирі 5 маусымға дейін жалғасады. Әлемнің ең мықты шахматшылары қатысып жатқан дода он турдан тұрады. Бибісара Асаубаева әзірге чемпиондық атаққа басты үміткерлердің бірі саналады.