Жарнама
Жарнама

Елдос Сметовтың Қытайдағы басты қарсыластары белгілі болды

Редактор
Бүгін, 09:20

Циндаодағы дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңі 26-28 маусым аралығында өтеді

ҰОК

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Қытайдың Циндао қаласында өтетін әлемдік Гран-при турнирінде кімдермен белдесуі мүмкін екені белгілі болды.

Judo News Online мәліметінше, қазақстандық дзюдошының басты қарсыластарының қатарында франциялық Ромен Валадье-Пикар және израильдік Ицхак Ашпиц бар.

Олимпиада чемпионы Париждегі тарихи жеңісінен кейін екі жылға жуық үзілістен соң халықаралық аренаға қайта оралмақ. Циндаодағы жарыс Сметов үшін Олимпиададан кейінгі алғашқы ресми халықаралық турнир болмақ. Бұған дейін мамыр айында Елдос Астанада өткен Grand Slam турнирі аясында ұйымдастырылған Golden Fight көрме белдесуіне ғана қатысқан еді.

Ромен Валадье-Пикар бүгінде Франция құрамасының 60 келіге дейінгі салмақтағы көшбасшы спортшыларының бірі саналады. Ол 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Ал 18 жастағы Ицхак Ашпиц Израиль дзюдосының болашағынан зор үміт күттіретін таланттардың бірі. Оның қоржынында «Үлкен дулыға» турнирінің алтын медалі, 2026 жылғы Тбилисиде өткен ересектер арасындағы Еуропа чемпионатының қола жүлдесі және 2023 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңісі бар.

Айта кетейік, Циндаодағы дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңі 26-28 маусым аралығында өтеді. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Елдос Сметовтың 60 келіге дейінгі салмақтағы қатысуын ресми түрде растады. Қазақстандық балуан жарысты жетінші нөмірлі спортшы ретінде бастайды.

Реклама
Реклама

Материалда: