«Қайраттың» жұлдызы Еуропаға аттанады
Алматылық «Қайрат» клубы жанкүйерлер үшін ерекше маңызы бар екі матчқа билеттердің сатылымы басталғанын хабарлады. «Атырау» және «Қызылжарға» қарсы өтетін бұл кездесулер клуб түлегі Дастан Сәтпаевтың сары-қара жейдедегі соңғы ойындары болмақ.
Дарынды шабуылшы жақын арада Англияның әйгілі «Челси» клубына ауысып, мансабын Еуропада жалғастырады. Осыған байланысты алматылық жанкүйерлер оның «Қайрат» сапындағы соңғы өнерін өз көздерімен тамашалау мүмкіндігіне ие болады.
«Он жыл бұрын Дастан «Қайрат» Академиясына арманымен, өзіне деген сеніммен, футболға деген сүйіспеншілігімен келген еді. Осы уақыт ішінде ол негізгі команданың көшбасшыларының біріне, клуб рекордсменіне, қазіргі құрамның ең нәтижелі ойыншысына, жанкүйерлердің сүйіктісіне айналды. Енді оның сары-қаралар сапындағы жолы өз мәресіне жақындады. Сіздерді Сатпаевтың «Қайрат» сапындағы соңғы матчтарын тамашалап, түлегімізді құрметтеп шығарып салу, маусымның маңызды кезеңінде команданы қолдау үшін «Орталыққа» шақырамыз!», – делінген клуб мәлімдемесінде.
13 маусым күні «Қайрат» өз алаңында «Атырауды» қабылдаса, 17 маусымда алматылық клуб «Қызылжармен» кездеседі. Дәл осы соңғы матчтан кейін Орталық стадионда Дастан Сәтпаевқа арналған арнайы қоштасу рәсімі ұйымдастырылады.
Клуб өкілдерінің айтуынша, бұл шара жас футболшының «Қайраттағы» жарқын кезеңіне құрмет көрсетіп, оның Еуропадағы жаңа белесіне сәттілік тілеуге арналмақ.
Алматылық клуб жанкүйерлерді стадионға келіп, өз түлегін лайықты түрде шығарып салуға және маусымның шешуші кезеңінде командаға қолдау көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев жақын арада Лондонның «Челси» клубына қосылып, қазақстандық футбол тарихындағы ең ірі трансферлердің бірін жүзеге асырмақ.