Жарнама
Жарнама

Шахматшы Алуа Нұрман Жапонияда күміс жүлдегер атанды

Редактор
Бүгін, 14:00

Алуа Нұрман әйелдер арасындағы әлемдік FIDE рейтингінде 27-орында тұр

әлеуметтік желі

Қазақстан құрамасының өкілі Алуа Нұрман Токиода өткен WR Women’s Chess Tour 2026 – Tokyo Asian Leg турнирінің алғашқы кезеңінде күміс медаль жеңіп алды.

6–7 маусым күндері өткен беделді жарыстың рапид бағдарламасында қазақстандық шахматшы әлемнің мықты ойыншыларымен бақ сынады. Ширек финалда Алуа Болгарияның тәжірибелі гроссмейстері Антоанета Стефанован жеңсе, жартылай финалда әлемнің үздік шахматшыларының бірі саналатын Катерина Лагнодан басым түсті.

Финалда қазақстандық спортшы 2026 жылғы үміткерлер турнирінің жеңімпазы, үндістандық гроссмейстер Вайшали Рамешбабумен кездесті. Тартысты өткен матчта Нұрман 0,5:1,5 есебімен жеңіліп қалғанымен, халықаралық деңгейдегі беделді жарыстың күміс жүлдесін иеленді.

Рапид кезеңінің қорытындысы бойынша Алуа 8 турнирлік ұпай жинап, жарысқа қатысқан сегіз шахматшының арасында екінші орынға тұрақтады. 

19 жастағы Алуа Нұрман халықаралық шебер (IM) және әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) атақтарының иегері. 2024 жылы Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алса, 2023 жылы командалық әлем чемпионатында да күміс медаль еншілеген. Сонымен қатар 2024 жылы Швейцариядағы беделді Biel Chess Festival турнирінде топ жарды.

Алуа Нұрманның ең жарқын жеңістерінің бірі 2023 жылы тіркелді. Ол Pro Chess League жарысында әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді сенсациялық түрде жеңіп, өз командасына маңызды ұпай сыйлаған еді.

Қазіргі таңда Алуа Нұрман әйелдер арасындағы әлемдік FIDE рейтингінде 27-орында тұр. 

Реклама
Реклама