Елімізде спортшылардың Париж олимпиадасына дайындығына 39,5 млрд теңге бөлінген

Редактор
22.02.2024, 12:32

Алайда, спортшылар Олимпиадаға қазіргі дейін небәрі 20 жолдама алған

Фото ашық дереккөзден

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бес айдан сәл-ақ көп уақыт қалды. Ал, Қазақстан спортшыларының алған жолдама саны әлі жиырмадан асқан жоқ. Соған қарамастан, еліміздің Туризм және спорт министрлігі спортшылардың Олимпиадаға дайындығына 40 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген деп жазды «Дядя Ваня» Telegram-каналы.

Жыл басынан бері Спортты дамыту дирекциясы аталған министрлікпен 39,69 млрд теңгеге бірнеше келісімшарт жасасыпты. Бұл қаражаттың басым бөлігі спортшыларымыздың лицензиялық турнирлерге қатысуына жұмсалады. 

«Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, 39,5 млрд теңге халықаралық дәрежедегі спортшылардың күнтүзбелік жарыстарға қатысуына және Ұлттық құрама командалардың резервіне үміткерлерді қосуға бағытталған», - делінген аталған хабарламада. 

Айта кетейік, қазір қазақстандық спортшылар Париж олимпиадасына небәрі 20 жолдама алды. Алда лицензия беретін 70 жарыс бар. Спорт министрлігі жолдамалар санын 90-ға жеткіземіз деп жоспарлап отыр.