Ақмолалық спортшылардың іссапарынан бюджетке 1,1 млн теңге қайтарылды
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактілері анықталды.
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маманы – мемлекеттік аудитор Жұлдыз Тастанова мәлімдеді.
Аудиторлардың мәліметінше, спортшыларды жарыстарға жіберу кезінде ресми құжаттардағы көрсеткіштер мен нақты қатысушылар саны арасында айтарлықтай айырмашылық болған. Тексеру барысында іссапарға жіберу туралы бұйрықтар жарыстардың қорытынды хаттамаларымен салыстырылған.
Нәтижесінде бірқатар жағдайда құжат бойынша толық құрамдағы командалар жіберілген болып көрсетілгенімен, іс жүзінде жарыстарға қатысқан спортшылар саны екі есеге жуық аз болғаны анықталды.
Мәселен, Алматы қаласында өткен жарысқа сегіз спортшы жіберілді деп рәсімделгенімен, нақтысында тек төрт адам қатысқан. Осындай сәйкессіздіктер бірнеше іссапар барысында тіркелген.
Соған қарамастан, аванстық есептер бойынша іссапар шығындары бастапқыда көрсетілген, яғни артық жазылған қатысушылар саны негізінде толық көлемде есептен шығарылған.
Аудит қорытындысы бойынша үш іссапарға қатысты жалпы сомасы 1 миллион 112 мың 600 теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық анықталды. Бұл қаражат мемлекеттік бюджетке қайтарылуға тиіс болған.
Аталған фактілер бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына заңбұзушылықтарды жою және келтірілген шығынды өтеу туралы нұсқама мен аудиторлық қорытынды жолданды.
Аудиторлардың мәліметінше, анықталған 1,1 миллион теңгеден астам қаражат бүгінде толық көлемде бюджет кірісіне қайтарылған.