Жарнама
Жарнама

Қазақстан Азия ойындарында 99 медаль жеңіп алуды көздеп отыр

Редактор
Бүгін, 18:02

Қазақстан құрамасы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындалып жатыр
 

ҰОК

Қазақстан ұлттық құрамасы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр. Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен спортшылардың құрлық додасына дайындығына арналған кеңес өтті.

2026 жылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Байрақты бәсекеге Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысып, спорттың 469 түрінен жүлделер сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы 35 спорт түрінен сынға түсуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ұлттық құраманың алдын ала тізіміне 571 спортшы енгізілген. Бұл 2022 жылғы Ханчжоу Азия ойындарына қатысқан 523 спортшыдан көп.

Еліміздің басты мақсаты да белгілі болды. Қазақстан құрамасы Азия ойындарында 99 медаль жеңіп алуды көздеп отыр. Нақты медаль жоспары бекітіліп, оны орындау міндеті спорт федерацияларына жүктелді.

Спортшыларды дайындау жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Оқу-жаттығу жиындарымен қатар, спортшыларға медициналық және психологиялық қолдау көрсету, дұрыс тамақтану, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне де көңіл бөлінген.

Дайындықты күшейту үшін спорттың 13 түрі бойынша 11 елден 24 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.

Жыл басынан бері ұлттық құрамалар 226 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде әлем чемпионаттары, Әлем кубогі кезеңдері, Азия чемпионаттары және басқа да халықаралық турнирлер бар.

Азия ойындары басталғанға дейін қазақстандық спортшылар тағы 31 халықаралық жарысқа және 73 оқу-жаттығу жиынына қатысады.

Осылайша, Нагояда өтетін Азия ойындары Қазақстан үшін биылғы басты спорттық додалардың біріне айналмақ. Енді басты міндет – жоспарланған дайындықты сапалы өткізіп, 99 медальдық межені орындау.

Реклама
Реклама