Сметов Париж Олимпиадасынан кейін халықаралық татамиге ұзақ уақыт шықпады
Қазақстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңартқан әлемдік рейтингте бірнеше сатыға төмендеді.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз тағы бес орын жоғалтып, 114-сатыға түсті. Осылайша Сметов кәсіби мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік жүздігінен тыс қалды. Қазіргі уақытта қазақстандық спортшының еншісінде 252 рейтингтік ұпай бар. Дәл осындай көрсеткішке ие жапониялық Рен Йокои да 114-орынды бөлісіп тұр.
Сметовтің рейтингтегі құлдырауына не себеп?
Олимпиада чемпионының рейтингте төмендеуіне халықаралық жарыстарға ұзақ уақыт қатыспауы әсер еткен. IJF жүйесіне сәйкес, спортшының бұрын жинаған ұпайлары белгілі бір мерзімнен кейін біртіндеп есептен шығарылады.
Сметов 2024 жылы Париж Олимпиадасында топ жарғаннан кейін халықаралық татамиге ұзақ уақыт шықпады. Соның салдарынан оның рейтингтік ұпайлары азайып, әлемдік тізімдегі орны да төмендей бастады.
2026 жылдың маусымында қазақстандық дзюдошы 40-орынға дейін сырғыған еді. Кейін Қытайда өткен Гран-при турниріне қатысып, рейтингте 30-сатыға дейін көтерілді. Алайда одан кейін ұпайларының есептен шығарылуына байланысты қайта төмендеді.
Кезінде әлемдік рейтингті басқарған
Елдос Сметов мансабының ең үздік кезеңінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің бірінші сатысына дейін көтерілген. Ол әлем чемпионы атанғаннан кейін өз салмағындағы үздік дзюдошы мәртебесіне ие болды.
Қазіргі таңда 60 келіге дейінгі салмақта әзербайжандық Балабей Агаев 4620 ұпаймен әлемдік рейтингті бастап тұр. Екінші орында 3880 ұпай жинаған ресейлік Аюб Блиев орналасса, үздік үштікті Әзербайжанның тағы бір өкілі Ахмед Юсифов 3670 ұпаймен түйіндейді.
Еске салайық, Елдос Сметов – үш Олимпиадада жүлде алған қазақстандық дзюдошы. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылғы Токио ойындарында қола жүлдеге ие болып, 2024 жылы Парижде Олимпиада чемпионы атанды.