Жарнама
Жарнама

21 жастағы Олимпиада чемпионы Алиса Лю жарыстарға қатысудан бас тартты

Редактор
Бүгін, 11:04

Екі дүркін Олимпиада чемпионы бір маусым бойы жарысқа шықпайды

Getty Images

Мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы Алиса Лю 2026/27 маусымында жарыстарға қатыспайтынын мәлімдеді. 21 жастағы америкалық спортшы бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Людің айтуынша, ол спорттан біржола кетуді жоспарлап отырған жоқ. Керісінше, уақытша үзілісті физикалық және шығармашылық тұрғыдан жаңарып, шеберлігін жетілдіруге пайдаланбақ.

«Барлығы жаңа бағдарламаларын таныстырып жатқанда, мен де осы сәтті пайдаланып, биылғы маусымда жарыстарға қатыспайтынымды айтқым келеді. Мен үшін үнемі алдыма жаңа міндет қойып, шеберлігімді жетілдіру және алға жылжу маңызды. Спортымның өзімнің тұлғалық дамуымды көрсеткенін қалаймын», – деп жазды Лю.

Америкалық мәнерлеп сырғанаушы алдағы уақытта демалып қана қоймай, өз өнерінің жекелеген тұстарын жетілдіруге көңіл бөлетінін атап өтті.

«Қазір маған қайта күш жинап, бәрін ой елегінен өткізуге, ұсақ-түйекке дейін жетілдіріп, барлығын ретке келтіруге уақыт қажет. Сондықтан алаңдамаңыздар, мен ораламын. Ал әзірге командаластарыма қолдау көрсетемін», – деді спортшы.

Алиса Лю 2026 жылғы Олимпиадада әйелдер арасындағы жекелей сында және командалық жарыста алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол әлем чемпионы және Гран-при финалының жеңімпазы.

Реклама
Реклама