Жарнама
Жарнама

15 жастағы қазақстандық шахматшы Барселонада күміс жүлдеге ие болды

Редактор
31.08.2026, 16:51

Сауат Нұрғалиев екінші гроссмейстерлік нормасын орындады

ҚШФ

Қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев Испанияда өткен XXVII Open Internacional de Sants – Ciutat de Barcelona турнирінің күміс жүлдегері атанды. Ол 16 жасқа дейінгі қатысушылар арасында үздік нәтиже көрсетіп, мансабындағы екінші гроссмейстерлік нормасын орындады.

Он турдың қорытындысында халықаралық мастер 8,5 ұпай жинады. Сауат сегіз партияда жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтады. Ол турнир жеңімпазы, франциялық гроссмейстер Жюль Муссардан ғана жеңілді.

Сауат Нұрғалиев биыл ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған еді. Енді ол 15–27 қыркүйек аралығында Самарқандта өтетін 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

Барселонадағы жарыста өзге қазақстандық жас шахматшылар да жүлделі нәтиже көрсетті. 16 жастағы Малика Джаппарбекова 6,5 ұпай жинап, әйелдер арасында екінші орын алды және халықаралық әйелдер шебері нормасын орындады. Ал он жастағы FIDE шеберлігіне үміткер Әміржан Әнетов те 6,5 ұпай еншіледі.

21–30 тамыз аралығында өткен халықаралық турнирге әлемнің 50-ден астам елінен жүздеген шахматшы қатысты. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша он турдан тұрды.

Реклама
Реклама

Материалда: