Жарнама
Жарнама

Төрт Олимпиадаға қатысқан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев мансабын аяқтады

Редактор
02.09.2026, 23:10

34 жастағы спортшы шорт-трекпен 24 жыл айналысқан

ҰОК

Қазақстандық шорт-трекші, төрт дүркін Олимпиада қатысушысы Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді. 34 жастағы спортшы бұл шешімі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Орал қаласының тумасы шорт-трекпен 24 жыл айналысқан. 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, барлық қашықтық бойынша ел чемпионы атанды.

Әжіғалиев Қазақстан шорт-трегінің тарихында Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы саналады. Ол 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен жарыста 500 метр қашықтықта топ жарды. Жалпы Әлем кубогы кезеңдерінде сегіз рет жүлде тұғырына көтерілді.

Спортшы 2014 жылғы Сочи, 2018 жылғы Пхенчхан, 2022 жылғы Бейжің және 2026 жылғы Милан–Кортина қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Сочиде Қазақстан ерлер құрамасы эстафетада алтыншы, ал Пхенчханда бесінші орын иеленді.

Әжіғалиевтің Олимпиададағы ең үздік жеке нәтижесі — Бейжіңдегі додада 500 метрден алған төртінші орны. Ол жүлдеге бір қадам жетпей тоқтағанымен, бұл нәтиже Қазақстан шорт-трегінің Олимпиададағы ең ірі жетістіктерінің біріне айналды.

Сондай-ақ Абзал Әжіғалиев 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиадалардың ашылу салтанатында Қазақстан Туын алып шығу құрметіне ие болды.

— Спорт маған жарысуды ғана емес, мінезді, тәртіпті, төзімділікті және Отан алдындағы жауапкершілікті үйретті. Осы жолда әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым, — деді Әжіғалиев.

Ол спорттағы жолына өкінішпен емес, алғыс пен мақтаныш сезімімен қарайтынын жеткізді. Енді көпжылдық тәжірибесі мен жинаған білімін Қазақстан спортының дамуына арнап, ұлттық құрамаға және жас шорт-трекшілерге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

— Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы, — деді спортшы.

Абзал Әжіғалиев отбасы мен бапкерлеріне, командаластарына, дәрігерлерге, мамандарға және жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтты.

Реклама
Реклама

Материалда: