Жарнама
Жарнама

Елдос Сметов төртінші Олимпиадасына баруға бел буды

Редактор
06.09.2026, 19:34

33 жастағы спортшы бұл шешімге ұзақ ойланғаннан кейін келгенін айтты

ҰОК

Қазақстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов кәсіби мансабын жалғастырып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді.

33 жастағы спортшы бұл шешімге ұзақ ойланғаннан кейін келгенін айтты. Оның сөзінше, бойында күресуге күш-жігері мен жеңіске деген жігері барда дзюдодағы мүмкіндігін толық пайдаланғысы келеді.

«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Қазақта “Алтын тапқан жерді белден қаз” деген сөз бар. Менің өмірімде алтын табылған жер — спорт, оның ішінде дзюдо. Маған тиесілі алтынды соңына дейін алуым керек. Өйткені мен ол үшін алтыннан да қымбат дүниені — денсаулығымды беріп жүрмін», — деді Елдос Сметов Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында.

Лос-Анджелестегі дода Сметовтің спорттық мансабындағы төртінші Олимпиада болуы мүмкін. Ол бұған дейін үш Олимпиадада қатарынан жүлде жеңіп алды: 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс, 2021 жылы Токиода қола, ал 2024 жылы Парижде алтын медаль иеленді.

Париждегі тарихи жеңістен кейін қазақстандық дзюдошы жарыстардан уақытша үзіліс алды. Осы кезеңде ол ағылшын тілін үйреніп, бұрыннан мазалаған жарақаттарына байланысты бірнеше операция жасатты.

Сметов татамиге 2026 жылдың маусымында Қытайда өткен Гран-при турнирінде оралды. Қазақстандық спортшы алғашқы екі белдесуінде жеңіске жеткенімен, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Реклама
Реклама