Тбилиси Гранд Слэмінің соңғы жарыс күнінде қазақ дзюдошылары түгел жеңілді

Редактор
24.03.2024, 21:36

1 алтын, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 7-орынға тұрақтадық

Қазақстан дзюдо федерациясф

Ислам Бозбаев пен Ерасыл Қажыбаев Тбилисиде өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінің қола жүлдесі үшін күресте есе жіберді.

-100 келіде Ислам Бозбаев ширек финалға дейін жеткен болатын. Ол іріктеу кезеңдерінде Хорватия және Франция балуандарынан басым түсті. Алайда, ширек финалда грузиялық Микаил Жапаридзеге қарсы қауқар таныта алмады. Жұбаныш белдесуді Бозбаев Өзбекстан өкілі Ерназар Сәрсенбаевқа қарсы өткізіп, уақытынан бұрын ұтты. Алайда, қола жүлде үшін күресте Аустрия балуанына есе жіберіп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.

Аталған жарыстың соңғы күнінде татамиге шыққан аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев жартылай финалға шыққан еді. Алайда, финалдық сынға жолдама беретін белдесуде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Гурам Тушашвилиден ұтылды.

Ол іріктеу кезеңдерінде Франция, Өзбекстан, Грузия балуандарын жеңген болатын. Қола жүлде үшін тағы бір грузин балуаны Саба Инанешвилимен күресіп, иппонмен жол берді.

+100 келіде Ғалымжан Қырықбаев Словения өкілін жеңгенімен, екінші айналымда грузия балуанын ұта алмады. 

Әйелдер арасында -78 келіде Аруна Жангелдина мен Маргарита Гриценко бірінші белдесуінде есе жіберді. Аса ауыр салмақта Кәмила Берліқаш пен Карина Такиева да алғашқы айналымнан аса алмады.

Тбилиси турнирінің бірінші күнінде ерлер арасында 60 келіде күрескен Нұрқанат Серікбаев жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасында 48 келіде белдескен Ғалия Тынбаевқа қола медальға қол жеткізді.