Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингте 15-ші орынға көтерілді

Редактор
26.03.2024, 14:21

Елдос Сметов 26-орнын сақтап қалды

Қазақстан дзюдо федерациясы

Тбилисиде өткен дзюдодан Grand Slam турнирінде топ жарған Нұрқанат Серікбаев әлемдік рейтингте бірден 6 орынға жоғарылап, 15-ші сатыға жайғасты. 20 жастағы жас балуан әлемдік жарыста алғаш рет топ жарып, 60 келіде ел үздіктерінің көшін бастап тұр. Оның еншісінде 3339 ұпай бар.

«Бұл менің мұндай ірі турнирдегі алғашқы алтыным. Бүгінге дейін үздіктер қатарынан көрінсем де, еліміздің әнұранын шырқатсам деген ойым орындалмай жүрген. Тбилисиде бабым да, бағым да қатар шапты. Оның үстіне, қазақ халқының жаңа жылы - Наурыз мейрамында топ жарғаныма ерекше қуандым. Сол күнгі сезімдерді айтып жеткізу қиын», - деді ол. 

Ол ақтық сында ұтқан израильдік балуанмен бұрын белдеспегенін атады.

«Финалдағы қарсыласыммен бұрын-соңды ресми жарыста кездескен емеспін. Бірақ Венгрияда өткен оқу-жаттығу жиынында бір-бірімізді бақылап көрдік. Сол кезде де мен ұтқан едім. Әрине, бұл үлкен жеңістердің бастамасы. Алда талай жарыстар күтіп тұр. Биылғы маусымда медаль алу бақыты бұйырмай жүрген. Десе де, дайындығым мен жаттығу қарқыны еш бәсеңдеген жоқ», - деді Нұрқанат.

Грузия астанасында өткен әлемдік турнир финалында Нұрқанат Серікбаев израильдік Ям Вольчакты жеңіп, чемпион атанған болатын. Осыдан кейін отандасымыз 1000 ұпай еншілеп, өзінің көрсеткішін жақсартты. Бұған дейін 17-ші орында тұрған Мағжан Шамшадин 4 саты төмендеп, 21-орынға тұрақтады. Ал Елдос Сметов 1952 ұпаймен өзінің 26-шы орнын сақтап қалды.

Материалда: