Этникалық қазақ балуаны Ресей атынан лицензиялық турнирде белдеседі

Редактор
27.03.2024, 12:38

Ол өз салмағындағы Ресей мықтысы Роман Власовты ығыстырып отыр

Фото ашық дереккөзден

Грек-рим күресінен 77 келіде күресетін Ресей құрамасындағы этникалық қазақ Әділет Төлеубаев 5-7 сәуір күндері Бакуде өтетін лицензиялық турнирге қатысады.

Омбы облысында туған қандасымыз бұған дейін РФ чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атанған. Мәселен, ол 2016 жылы қола жүлдеге ие болса, 2022 жылы күміс медаль иеленді. Ал былтыр өткен көрші ел біріншілігінде тағы да қола медальға қол жеткізді.

Сондай-ақ, Әділет Төлебаев биыл Румынияда өткен Еуропа чемпионатында үздік үштікке қосылды. Айта кететін жайт, бұл салмақта Ресей құрамасында екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власов бар. Бапкерлердің қазақ баласына сенім артуына қарағанда, аңызға айналған Власов дәуірі осымен аяқталған тәрізді.

Бакуде өтетін лицензиялық турнирде еркін күрестің танымал өкілі Абдулрашид Садулаев та күреседі. Былтыр әлем чемпионатында жеңіліп, жолдамадан тыс қалған спортшы таяуда Еуропа чемпионатына қатысуға барып, румын кеденшілері оны әуежайдан Бухарестке кіргізбей қойған еді.