Нұрсұлтан Тұрсынов пен Ержет Жарылқасын Азия чемпионатының финалына шықты

Редактор
15.04.2024, 14:00

Бішкекте грек-рим күресінің шеберлері Азия чемпионатында бақ сынап жатыр

Wrestlersarewarriors.com

Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының екі балуаны финалға шықты.

Грек-рим күресінен бүгін бозкілемге шыққан 63 келіде Ержет Жарылқасын мен 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов құрлық біріншілігінің алтыны үшін белдеседі.

Ержет Жарылқасын алғашқы белдесуінде оңтүстіккореялық Докен Юнгты 6:4 есебімен ұтты. Ал ширек финалда Сауд Арабиясының балуаны Райан Мазен Хавсавиді 8:0 нәтижесімен уақытынан бұрын жеңді. Жартылай финалда солтүстіккореялық Чан Кимді 5:3 есебімен қапы қалдырып, финалға шығып отыр. Енді отандасымыз Азия чемпионатының алтынын жапониялық Аята Сузукимен сарапқа салады.

87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов жарысты ширек финалдан бастады. Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленген Тұрсынов бұл сында Оңтүстік Корея спортшысы Сеунгван Лиден 9:0 есебімен айқын басым түсті. Финалға шығар сында семейлік балуан Өзбекстан өкілі Рахимжон Узоковты 9:0 есебімен қиындықсыз жеңді. Енді ол финалда ирандық Насер Ализадемен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, Нұрзат Қабдырахимов бірінші белдесуінде жапон Кагетора Окамотаны 8:7 нәтижесімен ұтқан еді. Алайда ширек финалда өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевтан 10:1 есебімен ұтылды. Өзбек спортшысының финалға шыға алмауына байланысты отандасымыз жұбынаш белдесуінен тыс қалды.

77 келіде қарағандылық Ибрагим Магомадов іріктеу кезеңін сәтті бастады. Ол Моңғолия балуаны Темулен Энхтуяны 7:0 есебімен жеңді. Алайда, ширек финалда даңқты қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовпен тең дәрежеде күрескенімен, 3:3 нәтижесімен жол берді. Махмұдов финалға шыққандықтан отандасымыз қола жүлде үшін ирандық Амир Али Абдимен күресетін болды.

Аса ауыр салмақта күрескен Мансұр Шадукаев алғашқы айналымда Айбекшазада Курбаевты 5:2 көрсеткішімен қапы қалдырды. Алайда, ширек финалда қырғыз балуаны Ерлан Манатбековтен ұтылып, жартылай финалға шыға алмады. Өз кезегінде қырғызстандық спортшы жартылай финалда сүрініп, отандасымыз жұбаныш белдесуінен тыс қалды.

11 сәуірде басталған Азия чемпионатына Қазақстан балуандары толық құрамда қатысып жатыр. Олардың арасында еркін күрес балуаны Азамат Дәулетбеков чемпион атанды. Сондай-ақ, Асыл Айтақын мен Ризабек Айтмұқан күміс медаль жеңіп алды. Ал Мейрамбек Қартбай қола жүлдені қанағат тұтты. Сонымен бірге, әйелдер құрамасының балуандары 4 қола жүлде еншіледі.