Қазақстандық балуан Юсуф Мациев Азия чемпионатының финалында күреседі

Редактор
16.04.2024, 14:43

Грек-рим балуандары кеше 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді

olympic.kz

Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан балуаны Юсуф Мациев финалға шықты.

Грек-рим күресінен 97 келі салмақта күрескен отандасымыз жартылай финалда Қытай балуанын 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді.

Бүгінгі сынның іріктеу кезеңінде Ю.Мациев Түркменстан және Қырғызстан балуандарын қапы қалдырған болатын. Енді ол финалда Иран балуанымен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, тағы екі қазақстандық Ғалым Қабдунассаров (60 келі) пен Әділхан Сатаев (72 келі) Азия чемпионатының қола медалі үшін белдесуге шығатын болады. 

Кеше грек-рим күресінен бозкілемге шыққан балуандарымыз ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдені салды.

Қырғызстан астанасы Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы жарыс күні өтіп жатыр. Бүгін грек-рим күресінен бес салмақта жеңімпаздар анықталады, деп жазады Olympic.kz.

Кешегі жарыс күнінде Ержет Жарлықасын (63 келі) чемпион атанса, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс, Ибрагим Магомадов (77 келі) қола жүлде жеңіп алды.