Бас бапкер Ризабек Айтмұқанның Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі аз екенін айтты

Редактор
19.04.2024, 00:41

Әлішер Ерғалидың жолдама жеңіп алатын мүмкіндігі жоғары

olympic.kz

Енді санаулы күндерден кейін Бішкекте күрес түрлерінен лицензиялық турнир жалауын көтереді. Аталған жарысқа еркін күрестен 97 келіде ел намысын қорғауға Әлішер Ерғали аттанатыны белгілі. Осы салмақтағы әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан болса Әлішердің нәтижесін күтуге мәжбүр.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қарымбек Махамбетов Әлішер Ерғалидың Олимпиада жолдамасын алу мүмкіндігі жоғары екенін жасырмады. 

«Азия чемпионатынан соң Ризабектің сұхбатын көрдім. Ол егер Әлішер Ерғали лицензия ала алмаған жағдайда ғана бақ сынауға дайынмын деді. Дұрыс  айтады, себебі, әрбір балуан босаңсып кетпеуі керек.  Оның сөзін қате түсінбеңіздер. Ертең Бішкекте басталатын лицензиялық турнирде Әлішердің Ерғалидің де жолдама алатын мүмкіндігі жоғары», - деді ұлттық құраманың бас бапкері olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салайық, Ризабек Айтмұқан 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында 92 келіде топ жарды. Бұл – еркін күрестен Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медаль еді. Артынша балуан салмағын 97 келіге көтеріп, Қазақстан чемпионатынын финалында Әлішер Ерғалиға жол берді. Сондықтан, бапкерлер лицензиялық турнирге ел чемпионы болған Әлішерді алып кетті. Ол Бішкекте жолдама ала алмаған жағдайда келесі – соңғы лицензиялық турнирге Ризабек Айтмұқан баруы мүмкін.