«Біздің депутаттар – ерекше жаратылыс»: спорт журналисі мәжілісмендерді сынады

Редактор
19.04.2024, 13:01

Қазақстанда букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салатын заң пайда болуы мүмкін 

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандық спорт журналисі Владимир Жарков букмекерлік кеңселердің жұмысына шектеу қоюды талап еткен депутаттарды сынады. 

Есте болса, Мәжіліс депутаттары құмар ойын ұйымдастырушыларға шектеулер қою керек деген бастама көтеріп, оны енді заңмен бекіткелі жатыр.

«Біздің депутаттар – ерекше жаратылыс. Бір жағынан Қазақстандағы кәсіби спортқа мемлекеттен ақша бөлуді тоқтату керек деп шүйлігеді. Дұрыс та шығар. Бірақ, өздері де бюджет ақшасын «игеріп» жатыр.

Екінші жағынан, букмекерлік кеңселердің жұмысына тыйым салуды талап етеді. Олар – Қазақстанда спортты қаржыландырып жатқан жалғыз бизнес өкілі. Қазір ресми бизнестен кеткенімен букмекерлер жоғалып кетпейді, олар көлеңкелі бизнеске кетеді. Яғни, ұтылмайды. Ұтылатын тек мемлекет қана. Депутаттар соны біле тұра осындай қадамға барып жатқаны таң қалдырады.

Соған қарағанда қазақстандық депутаттар тоқ – розеткада, ақша – тартпа ішінде пайда болады деп ойлайтын адамдар қатарынан болса керек», - деп жазды журналист өзінің Telegram-каналында.