Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы тасқыннан зардап шеккен халыққа 30 млн теңге аударды

Редактор
25.04.2024, 12:06

Сондай-ақ, гуманитарлық көмек жолданды

ҚР ТЖМ

Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы тасқын судан зардап шеккен халыққа көмек ретінде 30 миллион теңге жинады. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлаған.

Сонымен қатар, ақшадан бөлек гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, жанар жағар май, құтқарушыларға жабдықтар жіберіледі. Ал, қаражат Туризм және спорт министрлігі бекіткен қорға аударылыпты.

«Қауымдастыққа мүше компаниялар мемлекеттің өміріне белсенді араласып келеді. Мәселен, ұлттық спорттың дамуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосудамыз. Бұл жолы да қол қусырып қарап қалмаймыз. Құрметті отандастар, сіздерге күш-қуат тілейміз! Елімізде амандық болсын!», - деді қауымдастықтың төрағасы Эльдар Жұма.

Бұл қаражаттан бөлек, қауымдастыққа мүше компаниялар өз алдына тағы қайырымдылық көмек көрсеткен.