«Оларды қарсылас көрмеймін»: Елдос Сметов өз салмағындағы қазақ дзюдошылары туралы айтты

Редактор
04.05.2024, 12:30

Даңқты балуан Астанадағы Grand Slam турниріне дайындалып жатыр

olympic.kz

Астанада 10-12 мамыр аралығында дзюдодан Grand Slam санатындағы турнир өтеді. Аталған жарысқа Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысатыны белгілі. Осы орайда Olympic.kz тілшісі Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовпен сұхбаттасып, бабы мен жоспары туралы сұрап білді.

Сметов 60 келіде өнер көрсететіні белгілі. Бұл салмақта еліміздің тағы үш дзюдошысы аталған турнирге қатысқалы жатыр. Олимпиада жүлдегері оларға қатысты өз ойын айтты.

«Өз салмағымдағы командаластарымды өзіме қарсылас көрмеймін. Себебі, олар менің інілерім. Оларға үнемі жол көрсетіп жүремін. Мұны өз міндетім деп ойлаймын. Ізімнен ерген спортшылар әлемдік жарыстарда көзге түссе, қатты қуанамын. Спортшы ретіндегі пікірім осындай. Міне, бүгін Мағжан Шамшадин бауырым Душанбедегі турнирде күміс медаль алды. Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі турнирде топ жарды. Осы Астанадағы жарыстан соң, әлем чемпионатына баратын құрам жасақталады. Шыны керек, менің оларға пайдам тимесе, зияным тимейді. Мен оларға шеберлігіммен бөлісіп, ағалық ақылымды айтамын. Өзара спорттық бәсекелестік болғанымен, өмірде бауырмыз. Әлеуметті желіде алып-қашпа әңгіме көп. Бұл жерде бәрін рейтинг шешеді. Ешкімді атақ-абыройына қарап апармайды жарысқа. Бәсекелестік өте жақсы дүние. Соның арқасында спортшылар өседі», - дейді Сметов.

Ол қазіргі бабы туралы да сөз қозғады. Бірнеше жарақаттан кейін ұзақ уақыт емделген дзюдошы қазір бабыма келдім дейді.

«Дайындық өте жоғары деңгейде өтуде. Бұл олимпиадалық маусым болғандықтан, еш аялдаған емеспіз. Қазір ұлттық құрамада жүргеніме 15 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында кішкене жарақаттар да болды. Соның салдарынан біраз уақыт жоғалтқанымды да жасырмаймын. Қазір қалпыма келіп қалдым. Өз елімізде өтетіндіктен, қобалжу да бар. Дайынмын деп ойлаймын. Осы Астанадағы ірі жарыста осыдан тоғыз жыл бұрын күрескен екенмін. 2015 жылы өткен әлем чемпионатында топ жардым. Енді, міне, араға 9 жыл салып, олимпиадалық рейтингілік турнирде ел намысын қорғамақпын», - дейді Елдос.

Айта кетейік, биыл Сметов әлемдік деңгейдегі бірнеше жарысқа қатысып, бәрінде жеңіліп қалды.