Қазақстандық грек-рим балуандары Стамбұлдағы лицензиялық турнирді сәтсіз бастады

Редактор
09.05.2024, 20:12

Дегенмен, бір балуанның жолдама алатын мүмкіндігі бар

instagram/@kazakhstan__wrestling

Стамбұлда күрес түрлерінен өтіп жатқан олимпиадалық іріктеу турнирінде Қазақстан балуандары сәтсіз өнер көрсетіп жатыр.

Грек-рим күресінен 67 келіде белдескен Дінмұхамед Қошқар ширек финалда сүрінсе, Юсуп Мациев алғашқы айналымда неміс балуанына 6:1 есебімен ұтылып, жолдамадан тыс қалды.

Дегенмен, Дінмұхамед Қошқардың қарсыласы финалға шықса, ол жұбаныш белдесуінде сынға түседі. Осы арқылы Олимпиада жолдамасын иеленуініне мүмкіндік бар.

Отандасымыз алғашқы айналымда Өзбекстан балуанын 5:0 есебімен ұтса, екінші айналымда Румыния балуаны Михай Михуцты уақытынан бұрын ұтты. Алайда, ширек финалда грузиялық Рамаз Зоидеге есе жіберді.

Айта кететін жайт, грек-рим күресі балуандары осыған дейін Олимпиадының 4 жолдамасын иеленген. Оның ішінде 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов былтыр Сербияда өткен әлем чемпионатында қол жеткізсе, сәуір айында Бішкекте Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды.