Сәрсен Құранбек Туризм және спорт вице-министр қызметінен кетті

Редактор
07.11.2023, 17:55

Сәрсен Құранбек жаңадан құрылған министрлікте екі айдан астам вице-министр болып еңбек етті

primeminister.kz

Еліміздің туризм және спорт вице-министр болған Сәрсен Құранбек қызметінен босатылды. Бүгін министрлікте шенеуніктің орнына бұған дейін комитет төрағасының орынбасары болған Мирас Төлебаевтың тағайындалғаны мәлім болды.

Сәрсен Құранбек аталған лауазымға ақпан айының соңында тағайындалған болатын. Оның қызметтен неліктен кеткені әзірге белгісіз. 

Қыркүйектің басында еліміздегі бірқатар министрліктіктер қайта құрылып, бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігінен аталған құрылым Туризм және спорт министрлігі ретінде жеке бөлініп шыққан еді. Жаңа министр қызметіне Ақмола облысының әкімі болған Ермек Маржықбаев тағайындалды. 

Сәрсен Құранбек жаңадан құрылған министрлікте екі айдан астам вице-министр болып еңбек етті. Көпшілік оны Қытайда өткен Азия Ойындары кезінде еліміздің делегациясы қатарынан көрмеген еді.   

Алда экс-вице-министрдің қандай лауазымға тағайындалатыны әзірге айтылмады. Ол бұған дейін Алматы қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары, «Республикалық спорт колледжі» директорының орынбасары, «Қысқы Азия ойындары мен Олимпиада алауының эстафетасы жөніндегі қалалық дирекциясы» МКК директорының орынбасары, 2012-2014 жылдары – «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры болып жұмыс істеді.