Астанадағы Гранд Слэм турнирінің соңғы күні татамиге шыққан қазақ дзюдошылары түгел жеңілді

12.05.2024, 19:43

Қазақстандық балуандар турнирді 1 алтын, үш қола медальмен аяқтады

olympic.kz

Астанада QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирінің соңғы жарыс күнінде белдескен Қазақстан дзюдошылары жаппай жеңіліп қалды.

Бұл сында отандық татами шеберлері алғашқы айналымнан аса алмай, бапкерлер артқан үмітті ақтаған жоқ.

90 келіде Мұхамедәли Мавлидов бірінші белдесуінде әзірбайжандық Вугар Табиловтан ұтылып жарысты аяқтады. Осы салмақта татамиге шыққан Құдірет Досымов жарысты екінші айналымнан бастап, испан балуанын ұтқан еді. Алайда, екінші белдесуінде Грузия спортшысынан айласын асыра алмады.

90 келідегі тағы бір балуан Айдар Арапов алыстағы Доминикадан келген Роберт Флоретиноға жол беріп, жанкүйерлерін жерге қаратты. Ал, Ермахан Әнуарбеков болса әзірбайжандық Елжан Хаджиевтен ұтылып, жүлдесіз қалды. 

-100 келіде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 4 балуан белдесуге шықты. Жұрт ерекше сенім артатын Нұрлыхан Шархан мен Ислам Бозбаев өз жерінде бірінші белдесулерін ұтылып, ұятқа қалды. Ал Әділет Сапарғалиев пен Бекзат Шағатаев бірінші белдесуде жеңіске жетіп, қуантқан еді. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмай, сенім артқан екеудің күресі жүрмей, жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

+100 келіде Ғалымжан Қырықбай Қытай спортшысын ұтқанымен, тәжік мықтысы Темур Рахимовтан айла асыра алмады. Мәди Еділбаев Әзірбайжанның даңқты балуаны Ушанги Кокауриді ұтса да, кейінгі белдесуде украиналық Евгений Балиевскийге жол берді. Ал Еламан Ерғалиевтің түрік балуаны Мунир Ертугқа шамасы жетпеді. Ерасыл Қажыбаев кипрлік қарсыласының татамиге шықпауына байланысты екінші айналымға бірден өтті. Бірақ жолы түйіскен Нидерланд балуаны Жур Спижкерсті ұта алмады.

Әйелдер арасында -78 келіде Лаура Жәнібекова, Анастасия Нагачевская, +78 келіде Аида Тойшыбекова, Ақерке Рамазанова, Назгүл Маратова, Карина Такиевалар Астана GRAND SLAM турниріне тек қатысуды мақсат еткендей әсер қалдырды. Олай дейтініміз, аталған алты дзюдошы жарысты бірінші белдесумен аяқтап, өз әлеуеттерін толық көрсетті.

Астанада аяқталған бұл турнирде Қазақстан дзюдошылары 1 алтын, 3 қоланы қоржынға басты. Оның ішінде әйелдер арасында Ғалия Тынбаева 48 келіде чемпион атанса, атағы алысқа жеткен Елдос Сметов екі жыл күттірген қола жүлдеге қол созды. 73 келіде Бақытжан Әбдірахманов алғаш рет дүбірлі додадан жүлде алып, үздік үштікке қосылды. Ал 81 келіде әлеуеті зор Абылайхан Жұбаназар көптен бері сәтсіздіктен сабақ алып, Олимпиада алдындағы маңызды жарыстың қоласын иеленді.

Айта кететін жайт, Астана GRAND SLAM турниріне қатысқан дзюдошыларымыздың саны өте көп еді. Алайда, оның тек санаулығы ғана үзілгелі тұрған үмітке демеу болып отыр.