Маргарита Бажаева самбодан әлем чемпионатының финалында белдеседі

10.11.2023, 17:41

Жарыс Ереванда өтіп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Самбодан Ереванда өтіп жатқан әлем чемпионатында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Маргарита Бажаева финалға шықты. Ол жартылай финалдық сайыста Анфиса Капаевадан басым түсті.

10-12 қараша күндері аралығында Армения астанасында 48-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге әлемнің 65 мемлекетінің құрамасы қатысуда. Самбо шеберлері бұл сында 21 жүлде иесін анықтамақ.

Қазақстан спортшылары соңғы рет аталған спорт түрінен әлем чемпионатының алтынын 2021 жылы иеленген болатын. Сол сында 64 келіде Рахат Жаңаниет пен 54 келіде Гүлдана Әлмұханбетова чемпион атанған еді. Сондай-ақ, ұлттық құрама спортшылары 3 күміс, 5 қола медаль иеленген болатын. 

Ал 2022 жылы өткен әлем чемпионатында Қазақстан самбошылары алтыннан тыс қалып, 3 күміс, 7 қола медальмен оралды.