Спорттық клубтардың басшылары өздеріне жоғары жалақы жазып, оқу-жаттығу жиындарында 5 жұлдызды қонақ үйлерге ғана тұрақтаған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы біраз былықтың бетін ашты. Антикор өкілдері хабарлағандай, «Самұрық қазына» АҚ төрт команданы қаржыландыруға 138 млрд теңге жұмсаған.
Атап айтқандай, әл-ауқат қоры соңғы алты жылда «Астана» футбол клубына – 50,1 млрд, «Барыс» хоккей клубына – 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобына – 31,5 млрд және «Астана» баскетбол клубына 8 млрд теңге бөлген.
Бұдан бөлек, спорттық клуб басшыларының тым жоғары жалақысы мен спортшылардың 5 жұлдызды қонақ үйлерге ғана тоқтайтыны белгілі болып отыр.
«Кәсіби клубтардың өнімсіз ойыншыларына төлемдер, кәсіби клубтардың басшылығына жалақының жоғарылауы, 5 жұлдызды қонақ-үйлерде оқу-жаттығу жиындары мен күмәнді агенттік келісімдер арқылы қаражат алу бойынша жүйелік тәуекелдер анықталды. 6 жыл ішінде (2018-2023 ж.) 4 кәсіподақ клубын қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» АҚ 138 млрд теңге демеушілік қаражат бөлінді», - делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, бұл тексерулерді Антикор Туризм және спорт басқармасымен бірлесе жүргізген. Агенттік спорт саласындағы басқа да былықтың көп екенін анықтағанын мәлімдеді.