Ол спорттық мансабында сегіз Олимпиадаға қатысып, бір рет алтын, бір рет күміс медаль олжалаған
Өзбекстандық танымал гимнастшы Оксана Чусовитина 2028 жылы Лос-Андежелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан үмітті. Биыл ол жарақатына байланысты Парижде бақ сынай алмайды. Десе де, басты арманын орындау үшін тағы төрт жыл спорттан қол үзбейтінін айтып отыр.
Биыл маусым айында Оксана Чусовитина 49 жасқа толады. Алайда, ол мұның төлқұжаттағы сан ғана екенін алға тартып отыр. Чусовитина әлеуметтік желіде мансабын аяқтау туралы ойы жоқ екенін де жазған.
«2028 жылы Олимпиада ойындарына іріктеуге қатысамын», - деп жауап берді ол оқырманның сауалына. Егер бәрі жоспардағыдай өтсе, онда Чусовитина төртжылдықтың бас додасында 53 жасында бақ сынап, өз есімін тарихта қалдырады.
Оксана Чусовитина спорттық карьерасында сегіз Олимпиада ойындарына қатысып, 1992 жылы Барселонада өткен аламанда ТМД-ның Біріккен командасы сапында алтын медаль еншілеген. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында жекелей сында күміс медальге қол жеткізді.