19 жастағы ескек есуші Мария Бровкова: Парижде чемпион атанғым келеді

Редактор
17.06.2024, 11:40

Отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын сәуір айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында жеңіп алды

olympic.kz/Sabirov Sali

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейлінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр. Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа қызу дайындық үстінде.

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – каноэ мен байдаркада ескек есу өкілі Мария Бровкова. Отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын сәуір айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында жеңіп алды.

Мария Бровкова – спортшылар әулетінде дүниеге келген. Анасы мен әпкесі каноэ мен байдаркада ескек есумен айналысқан. Қазіргі таңда екеуі де шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін жастарға үйретіп, бапкерлік етіп жүр.

«Олимпиадаға қатысу арманым 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін пайда болды. Ол кезде мен небәрі 11 жаста болатынмын. Анаммен сырласып отырып, міндетті түрдеОлимпия ойындарына қатысатынымды айттым. Әрине, Токио Олимпиадасына бара алмайтыным әуелден белгілі еді. Өйткені ол кезде ұлттық құрамаға кірген жоқпын. Бірақ қалайда Олимпиадаға баратынымды айттым. Сөйтіп алдыма үлкен мақсат қойып, 8 жыл өткенде арманыма қол жеткізіп, анама берген сөзімде тұрдым», – дейді спортшы.

Каноэ мен байдаркада ескек есуден ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар НұрмағамбетовМария Бровкованы болашағынан үміт күттеретін жас спортшылардың бірі екенін айтады.

«Марияның жасы 19 да. Сондықтан оның болашағы алда деп ойлаймын. Десе де ол қазірденжастар арасындағы жарыстарда топ жарып, өзін көрсетті. Атап айтқанда, Бровкова жастар арасындағы әлем чемпионатында үш мәрте топ жарды. Сонымен қатар бірнеше халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді», - дейді бас бапкер.

Қазіргі таңда Мария ұлттық құрама спортшыларымен бірге Олимпия ойындарына қарқынды дайындалып жатыр.

«Төрт жылдықтың басты додасына қатысатынымызды, жанкүйерлер бізге үлкен үміт артып отырғанын жете сезініп, Парижге жақсы дайындықпен бару үшін тынбайеңбектеніп жатырмыз», - дейді Мария.

Отандасымыз ескек есу спортында Токио Олимпиадасының чемпионы америкалық Невин Харрисонды үлгі тұтатды. Мария америкалық спортшының қадамын 2020 жылдан бері бақылып келетінін айтады.

«Ол мені жастығына қарамастан, жеңіске деген құлшынысымен, ерік-жігерімен, мықтылығымен таң қалдырды. Харрисон өзінің алғашқы Олимпиадасына 19 жасында қатысып, чемпион атанған-ды. Мен де биыл 19-ға толдым және алғашқы Олимпиадама барамын. Невиннің үш жыл бұрынғы жетістігін қайталап, Парижде Олимпиада чемпионы атанғым келеді», - деп ағынан жарылды Мария Бровкова.