Ол биыл ғана Душанбедегі Гранд Слэмде жеңіліп қалған болатын
Дзюдодан Қазақстан құрамасында ұзақ жылдар бойы өнер көрсеткен Дидар Хамза жаңа қызметке тағайындалды. Өткен жылы Азия ойындарынан кейін үлкен спорттан кеткенін мәлімдеген спортшы енді Түркістан облысында №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы қызметіне кірісіп отыр.
Бұл туралы спортшының өзі әлеуметтік желідегі мәлімдеді. Дидар Хамзаның көптеген жақындары жаңа міндетке кірісуімен құттықтап, жазба жариялаған. Ал спортшы олардың барлығын өз оқырмандарына бөлісті.
Дидар Хамза – Рио және Токио Олимпиадаларының қатысушысы. Ол 2018 жылы Азия ойындарында 81 келіде жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, бірқатар Гранд Слэм турнирлерінде жүлдеге ие болды. Ал, 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарынан кейін ол үлкен спорттан кететінін мәлімдеді.
Биыл мамыр айында Дидар Хамза Душанбеде өткен Гранд Слэм бәсекесіне қатысатын құрама тізіміне енген еді. Бірақ, Тәжікстанға барған отандасымыз айтулы додадан құр алақан оралып, үлкен жарыстардан үмітін бір жола үзген секілді.
Айта кету керек, Дидар тура 10 күн бұрын Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мерейтойлық жүлдесіне арналған қазақ күресі бәсекесінде түйепалуан атанды.