«Ақжол мықты балуан. Көңілде алаң жоқ». Демеу Жадыраев Париждегі басты қарсыласын атады

Редактор
27.06.2024, 18:22

Венгриядағы рейтингтік жарысқа барып тұрып қатыса алмау себебін түсіндірді

tonyrotundo.smugmug.com

Грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі Демеу Жадыраев «Спорт министрі» арнасына берген сұхбатында Олимпиадаға дайындық барысы туралы айтты.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері алдағы дода туралы аса қатты алаңдамайтынын атап, өз салмағында әлем мықтысы Ақжол Махмұдов туралы пікірін білдірді.

«Қазір жаттығу жиындарында жаттықтырушылардың айтқанын бұлжытпай орындап жүрміз. Бірінші кезектегі мәселеміз осы. Бұдан өзге бөтен ойға алаңдап жүргеніміз жоқ. Олимпиаданың аурасы бөлек деп көбі айтады. Қарап отырсақ, онда тұрған ештеңе жоқ. Соның жүгін өзіміз тым жоғары көтеріп алатын секілдіміз. Әрі мемлекет аса мән берген соң жауапкершілігі әр спортшысы үшін жоғары. Бүкіл әлем елдері ұлттық құрамалары төрт жылда бір өтетін жарысқа жіберіп жатқаннан кейін мысы басып тұрады. Біздің кәсіби спорттағы ең үлкен биігіміз осы Олимпиада», - деді ол.

Сондай-ақ, Демеу Жадыраев 77 келідегі өзінің Олимпиадада күресуі мүмкін қарсыластары туралы да ой бөлісті.

«Бірталай қарсыластарыммен шеберлік байқасып көрдім. Олардың көбісін жақсы білем. Қайсысы болса да мен үшін оңай емес. Негізінен олардың ішінде әлем чемпионатында лицензия алған 4-ін ерекше атауға болады», - деді Демеу Жадыраев.

Таяуда аяқталған Венгриядағы рейтингтік жарысқа барып тұрып қатыса алмау себебін балуан құжатта кеткен қателікпен түсіндірді.

«Венгрия турнирінде салмаққа байланысты қатыса алмадым. 82 келіде сынға түсуім керек еді. Алайда өтінім бергенде мені 77 келіге қосып қойыпты. Соның салдарынан жарыстан тыс қалдым», - деді балуан.

Грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы атанған қырғызстандық Ақжол Махмұдов биыл Париж Олимпиадасының басты фаворитіне баланып отыр. Бұл ретте Жадыраев оның әлеуетіне қатысты баға берді.

«Ақжол Махмұдовпен былтыр Азия чемпионатының алдында жаттығуда бірге болдық. Жақсы қарым-қатынастамыз. Кілемде ғана қарсыласпыз. Өте мықты балуан. Қырғызстан жұлдызы», - деді Демеу Жадыраев.

Сонымен қатар, ол “Еліміздің грек-рим күресінде өзгеріс енгізу керек пе?" деген сауалға өз пікірін білдірді.

«Айтарлықтай реформа жасау керек дегенді ойламаппын. Қазір ұлттық құрамада балуандардың жататын жері, дайындық жасауына мүмкіндік мол. Осыны тоқтатпау керек. Бірінен кейін бірі жалғасын таба берсе деймін. Елімізде күреске қызығатын жастар көп», - деді спортшы.

Демеу Жадыраев 77 келіде Токио Олимпиадасына қатысқан. Ол 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ал 2018 жылы Бішкекте өткен әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде қырғыз спортшысы Махмудовқа есе жіберді.