«Париждегі Олимпиада ойындары өтпеуі мүмкін». ХОК мәлімдеме жасады

Редактор
04.07.2024, 13:28

Үш аптадан соң Парижде Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтуі тиіс

Ale_Mi /depositphotos.com

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2024 жылғы Олимпиада ойындары өтпеуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
Әлемдік БАҚ өкілдері Франция астанасында Парламент сайлауының бірінші кезеңінің нәтижелері жарияланған соң жаппай наразылық шаралары өтіп жатқанын жазуда.

«Францияның бірқатар қаласында мыңдаған адам елдегі саяси жағдайға наразылығын білдіріп жатыр. Полициямен қақтығыстар да болды», - делінген dw.com сайтында.

Үш аптадан соң Парижде Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтуі тиіс. Кейбір БАҚ өкілдері жаппай наразылық шаралары ойындардың кейінге шегерілуіне алып келуі, тіпті өтпей қалуы мүмкін деп жазып жатыр. ХОК осы жайтқа байланысты мәлімдеме жасады.

«Бұл Францияға, ХОК пен оның президентіне және Олимпиада ойындарына қарсы ұйымдастырылған жалған ақпараттар кампаниясының бір бөлігі. Бұл ақпараттың шындыққа айналуына ешқандай негіз жоқ.  ХОК президенті де, өзге олимпиадалық қозғалыс өкілдері де Париждегі Олимпиада ойындарын асыға күтіп отыр», - делінген ресми ақпаратта.

Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан еншісінде 25 спорт түрінен 88 лицензия бар.

Материалда: