Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қаражат көлемі қысқартылған
Су тасқыны салдарынан Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бюджеті 1,5 млрд теңгеге ($3,1 млн) қысқарды.
Бастапқыда бюджет 7 млрд теңгеден асады деп жоспарланған, алайда су тасқынына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қаражат көлемі қысқартылған.
«Бүгінгі таңда бюджет 5,6 млрд теңгені құрайды. Тұжырымдама бойынша ойындарды үнемді өткізу көзделген еді, яғни жарыстарға арнайы жаңа спорт нысандары салынбайды деп жоспарланған, - деп атап өтті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.
Сонымен қатар «Астана арена», «Алау» мұз айдыны және «Қазанат» ипподромы қайта жаңартылады. Абылай Қондыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда дайындық 80% құрайды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстан астанасында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Оларға 100-ге жуық елден екі мыңнан астам спортшы қатысады.