Қазақтың танымал балуаны допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетілді

Редактор
10.07.2024, 12:13

Ол енді үш жыл бойы жарыстарға қатыса алмайды

olympic.kz

Қазақстандық еркін күрес шебері Талғат Сырбаз тыйым салынған препарат қолданғаны үшін спорттан ұзақ уақытқа шеттетілді деп жазады «Дядя Ваня» Telegram-каналы.

25 жастағы балуан 2021 жылы Азия чемпионы атанған болатын. Енді ол үш жыл бойы ешқандай жарысқа қатыса алмайды.

Отандық спортшының «қара тізімге» енгені туралы ақпарат бірер ай бұрын шыққан. Атап айтқанда, маусым айының басында Стамбұлда өткен лицензиялық іріктеу турниріне Талғат Сырбаз баруы керек болған екен. Алайда, соңғы сәтте бапкерлер Нұрқожа Қайпановты алып кетуге шешім қабылдаған. Ол кезде Ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов Талғаттың жарақат алғанын айтқан еді. 

Ал, жуырда ғана ҚР Ұлттық допингке қарсы орталығының «қара тізімінде» Талғат Сырбаздың аты-жөні пайда болды. Орталықтың мәліметінше, оның сынамасынан тыйым салынған дростаналон препараты анықталған.

Осылайша, Талғат Сырбаз 2024 жылы допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетілген сегізінші спортшы атанып отыр. Бұған дейін ауыратлеттер Рахат Қыдырманов, Денис Полубояринов, Алексей Чуркин, жеңілатлет Кэролин Кипкируи, дзюдошы Айболат Ыстыбай, бендист Петр Гирбанов және шаңғышы Полина Саутиева дисквалификация алған еді.