54 отандасымыз алғаш рет өз әлеуетін байқап көреді
Париж Олимпиадасында Қазақстан спортшылары арасында 21 спортшы екінші мәрте Олимпиада ойындарына қатысқалы отыр. Тағы 54 отандасымыз төртжылдықтың басты додасында алғаш рет өз әлеуетін байқап көреді.
Белгілі дзюдошы Елдос Сметов, үстел теннисінен Кирилл Герасименко, қазіргі бессайысшы Елена Потапенко үшінші рет Олимпиада жүлдесі үшін сынға түссе, жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев үшін Париж бәсекесі төртінші Олимпиада болмақ.
Франция астанасында 13 күннен кейін басталатын ойындарда ел атынан 85 атлет сынға түседі. Олардың ішінде ерлердің бокс құрамасы (7 спортшы) толық құрамда қатыспақ. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет үш боксшы апарғалы отыр.
Қазақстан спортшылары биыл брейкинг пен бадминтоннан алғаш рет Олимпиада жолдамасын иеленген жайы бар. Бұдан бөлек, 2004 жылдан бері еліміздің әйелдер күресі құрамасы бірінші мәрте Олимпиадаға қатыспайды.
Сондай-ақ, семсерлесуден Қазақстан спортшылары Парижде командалық сынға өнер көрсетеді.
Ал гимнастиканың батуттық, спорттық және көркем түрінен спортшыларымыз бірінші рет сынға түседі. Сонымен қоса, нысана көздеушілер де алты спортшыны Олимпиадаға тұңғыш рет апарады.