Ұйым жалған ақпарат таратқандарды сотқа беруі мүмкін
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің жалақысына қатысты тараған ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті. Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев YouTube-каналдардың біріне берген сұхбатында GGG-дің 20-25 млн теңге шамасында жалақы алатынын айтып қалған болатын. Мұны ҰОК жоққа шығарып отыр.
«Қазақстан ҰОК бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді. Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізінде атқарады. Оның қызметіне ақша төленбейді. Оның мотивациясының қаражатқа да, саяси мансапқа да қатысы жоқ», - делінген ҰОК таратқан ақпаратта.
Ұйымның мәліметінше, Головкиннің жұмысы қазақстандық спортқа қолдау көрсетуге, сондай-ақ, Қазақстан ҰОК-тің халықаралық спорттық қоғамдастық алдындағы беделін нығайтуға бағытталған.
«Өз қызметіне кіріскен бойда Геннадий Головкин ҰОК-тің мемлекеттік бюджет ақшасына үміттенбейтінін ашық айтқан. Ұйымның қызметі Г. Головкиннің қатысуымен тартылған демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асуда», - дейді ҰОК өкілдері.
Бұған дейін ұйымның Бас хатшысы Жанар Өтешова Головкиннің жалақысына қатысты жалған ақпарат таратқандарды заң аясында жазалауды қарастырып жатқанын айтқан еді.