Ресейдің намысын қорғап жүрген спортшы Қазақстан чемпионы атанды

Редактор
17.07.2024, 17:24

Спортшы биыл мамыр айында Қазақстан азаматтығын алған

sport.ru

17 жастағы Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстан жазғы чемпионатында жеңіске жетті. Қарағандыда өткен сайыста Самоделкина Астана қаласының атынан өнер көрсетті.

Қысқа бағдарламадан кейін екінші орын алған Самоделкина екі қойылымда 161,43 ұпай жинады. Екінші орынды София Фарафонова (140,55), үшінші орынды Анна Санникова (136,21) иеленді.

Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында Ресейдің күміс жүлдегері, әлемдік Гран-придің күміс жүлдегері Самоделкина биыл мамыр айында Қазақстан азаматтығын алған болатын. Оның бұл әрекетіне қатысты Ресейдің спорт қауымдастығы көп сын айтқанымен, қолдаушылар да табылып жатты.

17 жастағы Самоделкина төрттік секіру мен қатарынан үш аксель жасай алатын аз спортшының бірі. Ол биылдан бастап әлемдік турнирлерде Қазақстан намысын қорғайтын болады.