«Төрешілердің бұра тартуы». Головкиннің «Канелоға» реніші бар ма?

Редактор
18.07.2024, 10:38

Боксшы екеуінің арасында жоғары бәсекелестік болғанын атап өтті

©REUTERS

Даңқты боксшы Геннадий Головкин Los Angeles Times басылымына берген сұхбатында мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жегін еске алды. Қазақстандық былғары қолғап шебері бұл айқастар екеуі үшін де керемет тәжірибе болғанын айтты.

 «Бұл екеуміз үшін де керемет жекпе-жек болды. Жоғары деңгейдегі бокс шеберлігін көрсеттік деп ойлаймын. Біз өзіміз тұрған биігіміздегі боксты көрсеттік, екеуміз де чемпион едік. Бірақ «Канело» біздің кездесулерімізден кейін, кіммен жұдырықтасса да, айқын басымдықпен жеңіп, ерекшеленіп жүр. Бұл екеуміздің жекпе-жектеріміздің тең дәрежеде өткенін аңғартады. Себебі екеуміз де жоғары дәрежедегі бәсекелес едік», - дейді Головкин.

Ал төрешілердің бұрмалауын мүлде елемегенін атап өтті.

«Шыны керек, жеңу, жеңілу, төрешілердің бұра тартуы дегенді есіме де алмайды екенмін. Бұл кездесулердің бәрі керемет айқас ретінде ғана есімде қалыпты. Меніңше, соңғы айқастар «Канелоның» карьерасына кері әсерін тигізбейді. Бізде жоғары бәсекелестік болды. Ол мені қарсылас ретінде көрді және жекпе-жек өткізуге ұмтылды. Ол бүгінгі дәрежесіне жетті. «Канело» соңғы уақыттарда мұндай жоғары бәсекеде өтетін айқастардан бас тартып, өзге қарсыластарды жөн көрсе және сол таңдауы үшін сын естісе де, ол қазіргі орнына лайықты деп ойлаймын. Ол бұл жекпе-жектердің өзінде де ерекшелене білді. Егер жарқырай алмағанда, онда сынауға болушы еді», - деді Головкин.