Қырғыздың төрт балуаны Парижде топ жаруы мүмкін

Редактор
18.07.2024, 14:14

Париж Олимпиадасында қырғыздың 17 спортшысы өнер көрсетеді

tonyrotundo.smugmug.com

Париж Олимпиадасында белдесетін қырғыз балуандарының арасында 4 спортшы чемпион атануы мүмкін фавориттер қатарына енді.

Спорт сарапшылары көрші елдің грек-рим және әйелдер күресінен Жоламан Шәршенбеков, Ақжол Махмұдов, Айсұлу Тыныбекова, Айпері Медетқызын әлеуеті жоғары спортшылардың көш басына қойды.

Грек-рим күресінен Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдов 77 келіде чемпион атануы мүмкін №1 балуан ретінде аталып отыр. Оның әлеуетіне букмекерлік кеңселер 1,35 кф беріп отыр. Ал 60 келіде сынға түсетін екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шәршенбеков жапониялық Кэньитиро Фумитадан кейін Парижде чемпион атануға қауқарлы №2 балуан ретінде тізімге енген.

Әйелдер күресінен Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Айсұлу Тыныбекова 62 келіде үздіктер тізімін бастап тұр. Сарапшылар оның мүмкіндігін жоғары бағалап, Франция астанасында чемпион атанады деп болжаған. Сондай-ақ, 76 келіде белдесетін әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Айпері Медетқызы өз салмағының үздігі ретінде танылған. Букмекерлік кеңселер ауыр салмақта күресетін қырғыз қызын чемпион атанады деп ұсынды.

Париж Олимпиадасында қырғыздың 17 спортшысы өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада ойындарының үш, әлем чемпионатының 6 жүлдегері сынға түседі.

Қырғызстан үкіметі төртжылдықтың басты ойындарында чемпион атанған спортшыға 117 мың, күміс жүлдегерге 82 мың, ал қола жүлде үшін 58 мың АҚШ долларын табыстайды.