Қызылорда әкімдігі спорт кешенін салатын жер үшін ата-аналармен «соғысып» жатыр

Редактор
18.07.2024, 22:50

Мәселеге Мәжіліс депутаты, бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов те араласты

kaztag.kz

Соңғы күндері Қызылордада салынатын спорт кешеніне қатысты дау басылар емес. Өйткені облыс әкімдігі «Қызылорда-Арена» атты жаңа спорт нысанын «Білім-Инновация» лицейінің аумағында салғысы келеді. Бұған ата-аналарға қарсы шығып жатыр.

Қазір хатқа 120 адам қол қойған. Ата-аналардың айтуынша, «жер игерілмеген» сылтаумен Қызылорда әкімдігі жерді тартып, орнына спорт кешенін салуға жанталасып жатыр.

«Мұнда 500 бала білім алады. Арғы беттегі кең жерді алып қойды, оны кім алғанын білмеймін. Сонымен қатар түлектеріміз екі жыл бұрын осы жерде футбол алаңын салып, онда балалар күндіз-түні футболмен айналысатын. Бұл «Білім-Инновация» лицейі тек облыстық, республикалық қана емес, халықаралық олимпиадаларда құшақ-құшақ медаль алып жүрді. Былайша айтқанда, қаламыздың миы. Енді сол 500 баланы бір төрт қабырғаға қамап, мына үлкен жердің бәрін облыс үшін маңызды нысан салу мақсатында алып қоймақ, бәлкім алып та қойған шығар», -дейді ата-аналардың бірі Разия Молдабекова.

Ал «Қайсар» футбол клубының директоры, бұрын ұзақ жылдар Қызылорда облысының спортын басқарған Садық Мұстафаев қарсы шығып «жерлестерінің әрекетіне ұялатынын» айтты.

«Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда арена» салуды қолға алғанда, «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты»! Бұл не сұмдық?Қазір спорт ардагерлері, жаттықтырушылары мен спортшылары алаңдаулы. Өйткені Қызылорда облысында халықаралық жарыс өткізетін бірде-бір дені дұрыс спорт ғимараты жоқ. Ашығын айтсақ, осыған дейін халықаралық стандартқа сәйкес нысан салу облыс әкімдерінен бірауыз қолдау таппаған еді. Енді қол созым қалған арманға атүсті пікір білдірген жерлестерім үшін мен ұялып тұрмын. Сөздің тоқетері, өңірде бұрын-соңды болмаған спорт сарайын салуға қарсы болу әбестік», - дейді Садық Мұстафаев.

Мәселеге Мәжіліс депутаты, бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов те араласты. 

«Білім-инновация лицейлері ең мықты мектептер желісі болып табылады. Бұл мәселе түсініксіз екен. Әкімдік шара қабылдап, тиісті жауабын беру керек деп санаймын», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Материалда: