Қырғыз спортшыларының Париж Олимпиадасында киетін формасы көрсетілді

Редактор
20.07.2024, 18:06

Қырғызстаннан париж Олимпиадасына 17 спортшы қатысады

Кактусмедиа

Қырғызстан спортшыларының Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында киетін арнайы киім үлгісі жария болды.

«Кактусмедиа» агенттігінің жазуынша, қырғыз спортшыларының арнайы үлгідегі киімі екі түстен тұрады. Денеге киетін бөлігі елдің туы ұқсас қызыл болса, төменгі бөлігі ақшыл түспен боялған.

Елдің дене шынықтыру және спорт департаментінің мәліметінше, парадтық форманы 361 Degrees компаниясы әзірлеген. Ал оған кеткен шығын көлемі 1 млн 780 мың сомды құраған (10 миллион теңге – авт.). Ал оны әзірлеген компания демеушілік көмек ретінде тегін тіккен көрінеді. Бұл киім үлгісімен бірге арнайы жол чемоданы, жаттығуға арналған бірнеше спорттық жейдесі қоса беріледі.

Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары болса аталған киім үлгісін сынап жатыр. Бірі мұны жедел жәрдем қызметкерлерінің киіміне ұқсайды десе, тағы бірі «шалбары балуандарға сыймай қалған» деп жазуда.

Айта кететін жайт, Париж Олимпиадасында Қырғызстан атынан 17 спортшы қатысады. Олардың арасында Олимпиада ойындарының үш жүлдегері, әлем чемпионатының алты жүлдегері бар.