Спорттық құзға өрмелеуден ел намысын қорғайтын спортшымыз алтын алатынына сенімді
Қазақстандық спортшы Әмір Маймұратов Парижде олимпиада ойындары басталмай жатып, өзін «Олимпиада чемпионы» деп жариялады.
Спорттық құзға өрмелеуден ел намысын қорғайтын Әмір Маймұратов Instagram парақшасындағы жеке деректерін өзгертіп, «2024 жылғы Олимпиада чемпионы» деп жазған.
Айта кету керек, Мажарстанның Будапешт қаласында Әмір Маймұратов финалда қытайлық қарсыласынан (4.90 секунд) артта қалып, екінші орынмен қатар, Олимпиаданың лицензиясын алды.
«Мен жарыста барлық қарсыласымды жеңіп, соңына келгенде сүріндім. Іштей өкініш бар. Алайда бұл мен алар жеңістің соңы емес. Алдағы уақытта жаттығуымды нықтап, көк туымызды желбіретемін. Олимпиададағы ең басты қарсыластарымның бірі – америкалық Самуэль Ватсон мен индонезиялық Веддрик Леонардо. Бірақ өзіме сенімдімін, қателігімді қайталамаймын», - деді Әмір Маймұратов.
Айта кетсек, құзға өрмелеу спорты Олимпиаданың бағдарламасына 2021 жылы ЖапонияныңТокио қаласында өткен Ойындарда енгізілген болатын.