Франция президенті Қазақстанды алғашқы алтынымен құттықтады

Редактор
30.07.2024, 13:59

Макрон Тоқаевқа сәлем жолдаған

instagram.com/jenysjudoclub

Париж Олимпиадасында дзюдодан 60 келі салмақтағы финалдық белдесуден кейін Франция президенті "Жеңіс" клубының президентін арнайы келіп құттықтады.

Эммануэль Макрон Халықаралық дзюдо федерациясының президентінің кеңесшісі, "Жеңіс" клубының президенті Алмаз Әлсеновке Қазақстан құрамасының жетістігіне байланысты лебізін білдірген.

"Мен үшін Қазақстан халқын айтулы жеңісімен құттықтау үлкен мәртебе. Қазақстан құрамасы дзюдодан ел тарихындағы алғашқы алтынын Францияда иеленгеніне қуаныштымын. Ел халқына және мемлекет басшысы Тоқаевқа сәлем жолдаймын", - деді Эммануэль Макрон.

Аталған финалдық кездесу 27 шілде күні өткен болатын. Қазақстан балуаны Елдос Сметов 60 келіде финалда франциялық Лука Мхеидзені ұтып, Олимпиада чемпионы атанған еді. Осылайша ол дзюдодан Олимпиаданың барлық жүлдесін иеленген алғашқы спортшы атанды. Сметов бұған дейін Риода күміс, Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленген еді.