Украина Олимпиададағы алғашқы алтын медалін иеленді

Редактор
04.08.2024, 01:06

Олар финалда Оңтүстік Кореяны жеңді

AP Photo / Andrew Medichini

Саблямен семсерлесуден Украинаның әйелдер құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарында алғашқы алтын медальге қол жеткізді.

Әйелдер арасындағы командалық сайыстың финалында Украина құрамасы Оңтүстік Корея спортшыларын 45:42 есебімен жеңіп, жеңімпаз атанды. Бұған дейін украиналық бойжеткендер Италия (45:37) және Жапония (45:32) спортшыларынан басым түскен. Украина сапында Ольга Харлан, Юлия Бакастова, Алина Комащук және Елена Кравацкая өнер көрсетті.

Осылайша, Украина Париж Олимпиадасында үш медаль еншіледі: бір алтын, бір күміс және бір қола. Ольга Харлан саблямен семсерлесуден жекелей сында қола жүлдегер атанған. Ал күміс жүлдені мерген Сергей Кулиш қоржынға салды.