Отандасымыз жартылай финалда әзербайжан балуаны Санан Сулеймановты жеңді
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен 77 келі салмақта белдескен Демеу Жадыраев финалға шықты. Спортшы жартылай финалдан кейін тілшілерге пікір білдірді.
«Алғашқы екі мықты қарсыласымды жеңген соң, оңай болған жоқ. Жеңіс пен жеңіліс бірге жүреді. Халықтың дұға тілегімен осылай финалға жетіп отырмын. Команда сынға түсіп жатқаннан кейін жауапкершілік жоғары. Әзербайжан Санан Сулейменовпен жаттығу жиындарында белдесіп жүргенбіз. Бас бапкер Юрий Мельниченко қойып берген тактикамен күресіп шықтым. Сол бапкердің айтқанымен күресіп шықтым, еңбек жемісін берді», - деді Демеу Жадыраев.
Айта кетейік, отандасымыз жартылай финалда әзербайжан балуаны Санан Сулеймановты жеңді. Қарсыласы - 2022, 2023 жылдардағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2020 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы.
Енді ертең алтын медаль үшін жапон Нао Кусакамен белдеседі.