Нора Джеруто Олимпиада ойындарын 9-шы орынмен аяқтады

Редактор
07.08.2024, 00:45

2017 жылы ол Кениядан Қазақстанға көшіп келген

olympic.kz

Олимпиада ойындарында 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында қазақстандық жеңілатлет Нора Джеруто мәрені тоғызыншы болып кесті. Финалдық кезеңге барлығы 15 желаяқ қатысқан болатын.

Жарыстың алғашқы шақырымында қазақстандық стайер көшбасшы топта жүгіріп, алтыншы позицияны нық ұстап отырған еді. Алайда, екінші шақырымда жетінші орынға сырғыса, шешуші үшінші шақырымда аутсайдерлер тобына түсіп қалды.

Бұл дистанцияда бірінші болып бахрейндік желаяқ Уинфред Яви келді. Ал, Токио Олимпиадасының чемпионы угандалық Перут Чемутай екінші орын алса, Кениядан келген Фейт Черотич үздік үштікті қорытындылады.

Айта кету керек, мәре сызығына ондаған метр қалғанға дейін Перут Чемутай көш бастап келе жатқан. Алайда, соңғы сәтте Уинфрид Яви жылдамдықты арттырып, жеңісті жұлып алды.

Нора Джеруто – 2022 жылғы әлем чемпионы. Қазақстанға ол 2017 жылы Кениядан көшіп келіп, біздің елдің азаматтығын алды. Былтыр босанып, декреттік демалыстан жақында ғана шыққан болатын.