«Басқалар жеңгенше қазағым жеңсін». Желіде қырғыздар Демеу Жадыраевқа қолдау көрсетті

Редактор
07.08.2024, 10:10

Жерлесіміз ширек финалда қырғыз Ақжол Махмұдовты 3:1 есебімен жеңіп кеткен

Тұрар Қазанғапов

Грек-рим күресінен 77 келіде Париж Олимпиадасының финалына шыққан Демеу Жадыраевты қырғыздар да қолдап жатыр.

Естеріңізде болса, жерлесіміз ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы қырғыз Ақжол Махмұдовты 3:1 есебімен жеңіп кеткен. Ақжол Қырғызстанның алтынға басты үміттерінің бірі болатын. Дегенмен Жадыраев финалға шыққан соң, Махмұдов жұбаныш белдесуге мүмкіндік алып, тиісінше қол медаль еншіледі. 

Осы орайда қырғыздар Демеуге ерекше қолдау білдіріп, алтын бөтенге кеткенше, өзіміздің бауырымыз алсын деген пікір қалдыруда.

«Басқалар жеңгенше қазағым жеңсін», «Ұтылса, қазақ туғанына ұтылды. Ағасына ұтылды. Қазаққа алтын медаль бұйырсын! Ақжол алда жеңістерге жетеді», «Жеңіс құтты болсын, туғандар. Шын жүректен құттықтаймыз! Біз бір елміз!», «Қазақстан, алға! Демеу чемпион болуы керек», «Физикасы, психологиялық даярлығы өте жақсы екен. қазақ елін құттықтаймын», «Екі мемлекет – бір ел. 34 жасқа келгенде Олимпиада финалына шығуды Алла бұйыртқан екен. Біз саған сенеміз», «Құттықтаймыз, бауырлар! Ақжол қола алды», - деп жазған қырғызстандықтар.

Айта кетейік, Демеу Жадыраев финалға дейін Хаир Алексис Куэроны, қырғыз Ақжол Махмұдовты (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы) және жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты (Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері) 6:1 есебімен жеңген.