«Шапшаңдық жетіспеді»: Юрий Мельниченко Жадыраевтың жеңілу себебін түсіндірді

Редактор
07.08.2024, 23:54

Ол финалға дейін әлемнің ең мықты балуандарын жеңген болатын

Ortcom.kz

Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. Құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко шәкіртінің қай жерде қателескенін айтты.

«Жақсы күресті, бірақ шапшаңдық жетіспеді. Бір кезде сүрініп, тепе-теңдік жоғалтып алды. Бұл сәтті жапон балуаны тиімді пайдаланып кетті. Өте өкінішті, басынан аяғына дейін күресті, барынша тырысып бақты. Қарсыласы – әлемдік деңгейдегі балуан. Өкінішке қарай, жеңіс Жапонияға кетті.

Қалай болғанда да Демеуге жарайсың дейміз, финалға шығып, күміс медаль алды. Қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын», - деді бапкер.

Айта кетейік, Демеу іріктеу кезеңдерінде Колумбия балуанын ұтты. Ал ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмудовты (Қырғызстан) жеңді. Финалға шығар сында әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Санан Сулеймановты қапыда қалдырды. Алайда, финалда ол жеңісті уысынан шығарып алды.