«Біздің спортта әділдік жоқ»: іріктеуде ұтылған велоспортшы Парижге қалай барды?

Редактор
08.08.2024, 12:27

Бапкерлер шын мықтыны тастап, жарыста жеңілген велоспортшыны Олимпиадаға алып кеткен

olympic.kz

Қазақстандық велосипедші Андрей Чугай Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында спринтерлік сайыста соңғы орын алды. 

Осыдан соң белгілі болғаны, ол Олимпиадаға әділетсіз жолмен аттанған көрінеді. Мұны осыдан тура бір ай бұрын отандық велоспорт бапкерлерінің бірі мәлімдеген болатын.

Қазақстандық велоспортшы Сергей Пономаревтің бапкері Жанұя Сейітова 5 шілдеде төртжылдықтың басты аламанына іріктеу өте әділетсіз өткенін жазған еді. 

Сейітованың шәкірті Олимпиада алдында қазақстандықтар арасында «спринт» және «кейрин» бағдарламалары бойынша үздік көрсеткішке ие болған, алайда Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы Парижге Пономаревтен төмен нәтиже көрсеткен Андрей Чугайды алып кеткен.

Ал Чугай жазғы Олимпиада ойындарында спринт бағдарламасы бойынша ең төменгі нәтижеге ие болды.

«Іріктеу әділетсіз болды. Велотректен Қазақстан құрамасының бас бапкері И.В.Сиваштың айтуынша, іріктеу ҚР ұлттық чемпионатының қорытындысы бойынша өтуі керек еді. Сергей Пономарёв екі бағдарлама бойынша да жеңіске жетті.

Алайда, бәрі өзгеріп шыға келді. Бас бапкер өзі айтқан талапты ұмытып, Андрей Чугайды алып кетті. Әйтпесе Андрей екеуінде де жеңіліп қалған.

Пономаревтің құраманың лицензия иеленуіне қосқан үлесі орасан екенін айтқым келеді. Өкінішке қарай, жолдама адамның өзіне берілмейді. Осындайда қолыңды бір сілтеп, келесі жолы сәті түсер дегің келеді. Бірақ, келесі жолы осы жағдай қайталанбасына кім кепіл?! Тер төгіп, барын салып еңбектенген спортшының орнына тағы басқа біреуді алып кетсе ше? Ал біз күшіміз, уақытымыз, еңбегіміз тағы далаға кеткендей болып қаламыз. Қаншама күш жұмсағанымызды көпшілік біле бермейді.

Бала секілді іштей бәрі өзгеретін шығар деп үміттенетінім рас, бірақ біздің спортта әділдік жоқ екенін білсем де, мұндай парадокс нәтижеге көндігу қиын болып тұр», - деді бапкер.