Әлия Юсупова: Төрешілерге шағым түсірдік, бірақ ұпайымызды көтермеді

Редактор
08.08.2024, 23:50

Ол өзінің 18 жастағы шәкіртінің жақсы өнер көрсеткенін айтады

Сали Сабиров

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова Париж Олимпиадасында сынға түскен шәкірті Елжана Таниеваның аяқ алысына баға берді.

«Елжана Таниева өте еңбекқор спортшы. Ол өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып, керемет әсер алып отыр.  Жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Бірақ ұршық жаттығуы үшін өте аз ұпай берді. Таниева доппен жаттығуда өрескел қате  жіберіп, допты қолынан түсіріп алды. Ал ұршық жаттығуын өте таза орындап шықты. Бір қызығы, төрешілер таза орындалған ұршық жаттығуына доптан да төмен ұпай берді. Мен бірден төрешілерге шағым түсірдім. Алайда, олар шағымды қанағаттандырған жоқ. Неліктен мұндай төмен ұпай қойғанын түсінбедім», - деді Юсупова. 

Одан бөлек, жарысқа бір күн қалғанда тағы бір жағдай болған.

«Елжананың таспасында Road to Paris деген жазу бар еді. Ұйымдастырушылар бір күн қалғанда мұндай жазуы бар таспамен жарысқа жіберілмейтінін айтты. Ал спортшылар үшін ұсталған, дайындалған құралмен өнер көрсету өте маңызды. Таңертең дүкеннен су жаңа таспа сатып алдық. Бірақ бұл таспа да жаңа болғандықтан, дұрыс ұшқан жоқ. Содан әлем чемпионы, италиялық София Рафаэллиден бір таспа сұрап алдық. Сол үшін рахмет айтамыз оған», - деді Алия Юсупова. 

Спортшы Лос-Анджелес ойындарына дайындалатынын айтқан.

«Елжананың өзі Олимпиададан керемет әсер алып отыр. 18 жастағы спортшы. Әлі Лос-Анджелес ойындарына дайындаламын дейді. Әлі таланты толық ашылмаған спортшы. Оның жан-жақты қырларын ашуға тырысудамыз. Оны көрермендер үлкен ықыласпен қарсы алады. Қателіктерге келер болсақ, бәрі де қате жіберіп жатыр. Әлем чемпиондары, әлемде үздік үштікке кіретін гимнастар да қателесуде. Сондықтан, Эльжананың болашағына сенеміз», - деді Юсупова. 

Айта кетелік, Елжана Таниева Париж Олимпиадасындағы көпсайыс қорытындысы бойынша 13-орын алып, финалға өте алған жоқ.