Ол спортшылардың дайындық жүйесіне үлкен өзгерістер жасау керегін айтты
Қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов Kazinform тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында балуандардың Олимпиададағы көрсеткішіне көңілі толмағанын жеткізді.
Ол ел намысын қорғаған спортшылардың жеңіске деген құлшынысы болмағанын айтады.
«Шынын айту керек, өз басым қазақ балуандары кемі 2-3 медаль алады деп ойладым. Бірақ, күрестің аты – күрес, Олимпиада ойындарына ең мықты деген балуандар ғана келеді. Сондықтан, тек мықтылар ғана жеңіп шығады. Біздің балуандарда жеңіске деген құлшыныс оты жанбады», – деді Дәулет Тұрлыханов.
Тұрлыхановтың айтуынша, Демеу Жадыраев балуанға тән мінез көрсеткен.
«Жасыратыны жоқ, Демеу бауырымызда ғана көзінде от ойнап тұрды. Жеңіске деген құлшынысы да басқа балуандармен салыстырғанда өзгеше болды. Барын салды. Аянып қалмады. Финалдың өзінде күмісте тұрғанын біле тұрып, алтын медаль үшін шын пейілімен, жүрегімен, жан-тәнімен арпалысты. Ол нағыз спортшыға, балуанға тән мінез көрсетті. Өзге балуандарымыздың күресіне көңілім толған жоқ. Демеу алтын алса екен деп армандадым, бірақ, өкінішке қарай күміс бұйырды.Олимпиада ойындарында күмістің өзі кез келген спортшыға бұйыра бермейді», – деді Дәулет Тұрлыханов.
Бозкілемде жеңіліс табуына балуандардың өздері кінәлі екенін және бапкерлерден олқылықтар кеткенін атап өтті.
«Ең бірінші спортшылардың дайындық жүйесіне үлкен өзгерістер жасау керек деп ойлаймын. Барлық жағынан өзгерістер керек. Мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан, федерация тарапынан, Ұлттық олимпиадалық комитеті тарапынан тиісті шаралар қабылдануы керек. Олимпиада ойындарына дейін балуандарымыз оқу-жаттығу жиындарын өте жоғары деңгейде өткізді. Мемлекет тарапынан барлық тиісті қаражат уақытылы бөлінді. Бірақ, кейбір балуандарымыз Парижде жақсы өнер көрсете алған жоқ. Енді, мүмкін, балуандарымыздың психологиялық жағын, мүмкін жас шамасы жағын қарастыруымыз керек шығар. Қазіргі балуандарымыздың жас шамасы да біразға келіп қалған. Жалпы, күрес түрлерінен келесі Олимпиадаға іріктеуді мүлде өзгеше қабылдау керек», – деді Дәулет Тұрлыханов.